КГНТ қызметкерлері Жаңа мамандықтар атласын әзірлеуге қатысты
Электрондық еңбек биржасы (ЭЕБ) порталында Қазақстан Республикасындағы экономиканың 9 негізгі саласы бойынша Жаңа мамандықтар мен құзыреттіліктердің атласы жарияланған. Атласты әзірлеген сарапшылардың болжамы бойынша болашақта 239 жаңа мамандық пайда болады, 129 мамандық жойылады, ал 95 мамандық қатты өзгеріске ұшырайды. Атласты әзірлеуге КГНТ қызметкерлері – 3 саладағы: мұнай-газ, энергетика және құрылыс саласындағы сарапшылар қатысты.
«Еңбек нарығында сұранысқа ие Жаңа мамандықтар мен құзыреттіліктердің атласы» ұлттық жобасы ҚР Президентінің “Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу” сайлауалды бағдарламасы мен “Бірге” жалпыұлттық акциясы барысында алынған ұсыныстардың аясында әзірленген. Атлас жұмыспен қамту және еңбек дағдылары саласындағы нәтижелерді жақсартуға, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында және жоғары оқу орындарында даярлау, оқыту бағдарламаларының өзектілігін арттыруға бағытталған. Атластың нәтижелері оқу орындары үшін жаңа білім беру пәндерін енгізген кезде негізгі бағдар болады. Атласпен www.enbek.kz/atlas/ сайтында танысуға болады.