АВТОРЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ

Авторлық қадағалау – пайдалануға ендірілетін құрылыстардың техникалық, технологиялық, сәулет-құрылыстық және басқа шешімдері мен техникалық-экономикалық шешімдерінің бекітілген ЖСҚ-да көзделген шешімдер мен көрсеткіштерге сәйкес болуын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын құрылыс процесін бақылаудың түрі.

Бүкіл құрылыс кезеңінде авторлық қадағалауға міндетті түрде жаңа объектілердің құрылысы, сондай-ақ пайдалануға беруге дайын немесе пайдаланудағы ғимараттар мен құрылыстарды қайта құру, қалпына келтіру, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу және күшейту не болмаса аяқталмаған объектілердің құрылысын консервациялау жатады.

Авторлық қадағалауды жобалау құжаттамасын (ЖСҚ) әзірлеушілер бүкіл құрылыс объектілерінде қолданыстағы нормативтерге сәйкес ЖСҚ-да объектілерге салуға көзделген қаражат есебінен жүзеге асырады.

avtorskiy

ЖСҚ әзірлеушісі болып табылмайтын ұйым оның сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызмет саласындағы инжиниринг қызметтерін жүзеге асыру құқығына аттестатталған сарапшысы болған жағдайда авторлық қадағалауға тартылуы мүмкін.

Авторлық қадағалау жөніндегі сарапшы құрылыс барысында бекітілген жобада көзделген жобалау шешімдерінің нақты орындалуын қамтамасыз етуге, негізделген өзгертулерді бекітілген жобалық (жобалық-сметалық) құжаттамаға заңнамада белгіленген тәртіпте өзгертулер енгізу бойынша шешімдерді уақтылы қабылдауға, мердігер (бас мердігер) нұсқауларды орындамаған немесе тиісті түрде орындамаған жағдайда, ол туралы тапсырыс берушіге хабарлауға, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыстық бақылау және қадағалау органының  тиісті бөлімшесін хабар етуге тиіс.

Құрылыс объектісі аяқталған кезде авторлық қадағалауды жүзеге асыратын тұлға тапсырыс берушіге (салушыға) орындалған жұмыстардың жобаға сәйкес болуы туралы қорытынды береді.